Freedom Inside '26

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойды

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, «Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы» мемлекеттік мекемесі құрылды, деп хабарлайды ult.kz.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы туралы ереже, оның құрылымы және Президенттің бірқатар жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.

Сонымен қатар Президенттің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы «Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы ережені бекіту туралы» және 2025 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз – әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекіту туралы» жарлықтарының күші жойылды.

Құжатқа сәйкес, Үкіметке Жарлықты іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Ал Президенттің Іс басқармасы Қаржы министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Халық Кеңесі мен оның Хатшылығының басшылығын орналастыру үшін тиісті ғимаратпен қамтамасыз етуі тиіс.

Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.

Құжатқа сәйкес, Жарлықтың басым бөлігі қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Ал Қазақстан Республикасы Құрылтайының Аппараты құрылғаннан кейін күшіне енетін жекелеген нормалар кейінірек қолданысқа енгізіледі.