Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы сегіз айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Мәдина Әбілқасымова жаңа банк заңын іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толық жаңартылғанын айтты. Осы бағытта 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданған.
Жыл басынан бері банктердің активтері 75,6 трлн теңгеге жетіп, 6,9 пайызға өскен. Ал банк капиталының жеткіліктілік деңгейі 20,7 пайызды құрады.
Агенттік сегіз ай ішінде қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізген. Нәтижесінде 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 млн теңге айыппұл салынған.
Микроқаржы және коллекторлық қызмет нарығында жұмыс істейтін 13 субъект лицензиясынан айырылды. Тағы алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылған.
Тұтынушылық несие өсімі баяулаған
Кездесуде халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту шаралары да қаралды.
Бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жеткен. Ал жыл басынан бері кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 трлн теңгені құрады.
Қабылданған реттеу шараларының нәтижесінде жеті айда тұтынушылық несиелердің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Биыл шілдеден бастап мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisimkz платформасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін азаматтардың қаржы ұйымдарына қатысты өтініштері мен шағымдарын қарастыратын Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.
Сонымен қатар Агенттік Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және «Капитал нарығы туралы», «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың барысын баяндады.
Қаржы нарығына жасанды интеллект енгізіледі
Кездесуде қаржы секторын цифрландыру мәселесі де талқыланды.
Агенттік жасанды интеллект технологияларына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын дайындау жоспарланып отыр. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.