Freedom Inside '26

Тоқаев пен Кобахидзе стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мәселесін талқылады

Тоқаев пен Кобахидзе стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мәселесін талқылады
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе ресми делегациялар қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөз өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді серіктесі саналатын Грузиямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтты. Президенттің сөзінше, екі елді тарихи байланыс, ортақ мәдени құндылықтар және халықтар арасындағы берік қарым-қатынас біріктіреді.

Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин байланысын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Грузия экономикасына 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған және елдің ірі инвесторларының бірі болып отыр. Сондай-ақ тараптар Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалын ұлғайтуға ниетті екенін растады.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктес ретінде атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің тұрақты даму жолына түскенін айтты. Ол Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеменің қабылдануы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін жеткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы стратегиялық әріптестікті нақты іске асыру үшін энергетика, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да бағыттарды қамтитын арнайы «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастықты күшейтуге де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін арттыру, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыру жұмыстарын жеделдету жоспарланып отыр. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 3,5 есе өскен, ал 2029 жылға қарай бұл бағыттағы контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар Қазақстанның Грузиядағы теңіз порттарына қатысуын кеңейту мәселесі сөз болды. Былтыр қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал іске қосылса, Анаклия порты өңіраралық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі ретінде аталды.

Келіссөзде цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа да басымдық берілді. Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдері бойынша тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Қазақстан грузиялық стартаптар мен технологиялық компаниялардың Astana Hub бағдарламасына қатысуын қолдайтынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелері қаралды. Президент Грузияның қазақстандық туристер арасында танымал бағыт екенін атап өтіп, Қазақстан да грузиялық қонақтарды қабылдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ екі елдің мәдениет күндерін өткізуді ұсынды.