Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарында жеңіске жеткен қазақстандық спортшылар мен бапкерлерді құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент ұлттық құраманың жарыста 74 медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шыққанын атап өтті. Оның ішінде 32 медаль – алтын.
«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортшылардың жетістігі елдің мерейін өсіргенін айтып, олардың жеңістеріне бүкіл халық жанкүйер болғанын жеткізді.
Президент Көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өткеніне тоқталып, жарыс нәтижелерінің әділ болғанын атап өтті. Осы ретте Қырғызстан Президентіне алғысын білдірді.
Көшпенділер ойындарын бірлесе дамытуға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлем түркі халықтарына назар аударып отырғанын айтып, Көшпенділер ойындарын бірлесе дамыту маңызды екенін жеткізді.
«Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті – өзара құрмет және мәңгі достық», – деді Президент.
Оның айтуынша, Ұлы дала өркениетінің мұрасын, салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет.
Президент Қазақстанның мақсаты биік, жоспары айқын екенін айтып, елдің болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде алға ұмтылуы керектігін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы спортшылардан бастап мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен ұстаздарға, студенттер мен ғалымдарға дейін қоғамның барлық мүшесін мәдениетті әрі сабырлы болуға шақырды.
«Бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.