Тоқаев Германиялық қаржы институттарын Қазақстандағы жобаларға шақырды

Тоқаев Германиялық қаржы институттарын Қазақстандағы жобаларға шақырды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының алғашқы күні елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту, неміс капиталы мен тәжірибесін Қазақстанның ресурстық және көлік мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселелері талқыланды.

Президент Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын айтты.

Тоқаевтың сөзінше, Германия Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті әлі толық пайдаланылмағанын атап өтті.

Президент сондай-ақ Қазақстанның дербес кредиттік рейтингіне қатысты соңғы бағалауларға тоқталды. Оның айтуынша, S&P агенттігі Қазақстан рейтингін «тұрақты» болжаммен BBB деңгейіне көтерген. Fitch агенттігі де осындай баға берген.

Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасы құрылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды.

Оның айтуынша, мұндай платформа Германия мен Еуропаның капиталын Қазақстан тарапынан қоса қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекелдерді бірлесіп басқару тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан даму банкі неміс қаржы институттарының қолдауымен өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді.

Бұған дейін Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank және KfW сияқты ұйымдардан осы бағыттарға 1,2 миллиард доллар қаржы тартылған.

Қазақстан Германия капиталын жаңа салаларға тартпақ

Кездесуде аса маңызды шикізат, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастық мәселесі де көтерілді.

Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту жоспарланып отыр.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект те екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде аталды.

Президент германиялық компанияларды деректерді өңдеу орталықтары, энергия тиімділігі, бұлтты инфрақұрылым және киберқауіпсіздік салаларындағы жобаларға қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Қазақстанның цифрлық қаржы экожүйесін Германияның қаржы технологияларымен ұштастыру мүмкіндігі қарастырылды.

Alatau City неміс капиталы үшін жаңа мүмкіндік болуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын тартатын маңызды бағыттардың бірі ретінде Alatau City жобасын атады.

Президенттің айтуынша, жаңа қала цифрлық дәуірдің талаптарын ескере отырып жобаланған және неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін байланыстыратын алаңға айнала алады.

Мемлекет басшысы Қазақстан инвесторларға қолайлы әрі түсінікті жағдай қалыптастыруды, олардың құқықтарын қорғауды және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.