Тоқаев Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Тоқаев Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.

Президент құттықтауында спортшының бұл жетістікке ерекше таланты, тынымсыз еңбегі және өзіне деген сенімінің арқасында жеткенін атап өтті.

«Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Рыбакинаның жетістікке толы жолы Қазақстанның жас спортшылары мен әлемдегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі екенін айтты.

Сондай-ақ Президент спортшының кортта ғана емес, қоғамдық орындарда және жұртшылықпен қарым-қатынас кезінде де жоғары мәдениет танытатынын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.