Тоқаев: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы бейбітшілікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр

Тоқаев: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы бейбітшілікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға қатысты пікір білдіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына баға берді, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің айтуынша, бүгінде әлемдегі оқиғалар жүйесіз әрі бейберекет сипатқа ие болып, алдағы жағдайды болжау қиындаған.

«Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отырғанын атап өтті.

Оның пікірінше, қалыптасқан жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі айтарлықтай артып келеді. Сонымен қатар әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің ықпалы күшейіп жатыр. Тоқаев Қазақстанды да осы санатқа жатқызды.

Президент бұған қоса цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына тоқталды. Оның айтуынша, бұл үдерістің түпкі нәтижесі әзірге белгісіз.

«Таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады», — деді Президент.