Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи ресурстар қоры мен өндірістік әлеуеті жағынан Орталық Азияда жетекші орын алатынын атап өтті. Президент қазіргі геосаяси жағдайда бұл мүмкіндіктерді ел мүддесіне тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
«Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әлемде аса маңызды материалдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл ресурстар жоғары технологиялық салаларды дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.
Осыған байланысты Қазақстан қолда бар табиғи ресурстары мен өндірістік әлеуетін тиімді пайдаланып, өндіріс тізбегін кезең-кезеңімен дамытуы қажет.
Жиында Үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы, минералдық ресурстар қорын игеру перспективалары, шикізатты қайта өңдеуді дамыту және саладағы негізгі мәселелер туралы баяндады.
Отырыс қорытындысында Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, геологиялық барлау мен қайта өңдеуді дамыту, техногендік минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, зертханалық базаны күшейту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне басымдық берілмек.
Сонымен қатар саладағы реттеу тетіктерін жетілдіріп, әкімшілік кедергілерді жою тапсырылды.