Тоқаев 2027-2029 жылдар бюджетінің негізгі басымдықтарын атады

Тоқаев 2027-2029 жылдар бюджетінің негізгі басымдықтарын атады
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Ақордада өткен жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Кеңес барысында Мемлекет басшысына экономиканың қазіргі жағдайы, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және республикалық бюджеттің негізгі параметрлері таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізіп, республикалық және жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Президенттің айтуынша, алдағы үш жылға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жеделдету.

Атап айтқанда, ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандарының құрылысын уақытылы аяқтауға басымдық берілуі тиіс.

Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімді жоспарлап, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.