«Толық ақталмаған»: Айгүл Орынбек жылқышы туралы күтпеген мәлімдеме жасады

«Толық ақталмаған»: Айгүл Орынбек жылқышы туралы күтпеген мәлімдеме жасады
Коллаж: ult.kz

Заңгер Айгүл Орынбек Ақтөбе облысындағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан іске байланысты пікір білдіріп, жұртшылықты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа бірден сенбей, оқиғаның барлық мән-жайын зерттеуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, алғашқы жарияланған бейнежазба қоғамның эмоциясына әсер етіп, көпшіліктің біржақты пікір қалыптастыруына себеп болған. Заңгер істің материалдарымен таныспай тұрып қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Айгүл Орынбек Рахат Сәрсеновтің апелляциялық сот арқылы толық ақталмағанын, тек шартты түрде және амнистия негізінде босатылғанын айтып, бұл оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білдіретінін жеткізді.

Заңгердің сөзінше, бұл оқиғадағы ең алаңдатарлық жайттардың бірі – инсульт алған қарттың еңбек етуін жалғастыруы. Ол мұндай жағдайларға тек жекелеген адамдарды айыптау тұрғысынан емес, егде жастағы азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысынан қарау қажет екенін айтты.

Сөз соңында Айгүл Орынбек азаматтарды эмоцияға ермей, тек заң мен нақты деректерге сүйене отырып пікір қалыптастыруға және жалған ақпараттың жетегінде кетпеуге шақырды.