Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент Токио губернаторының сапары Қазақстан мен Жапония арасында орнаған кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын, мұның символдық мәні бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Юрико Коикэ жетекшілік еткен Токионың әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын айтты. Мемлекет басшысы Юрико Коикэні жаһандық деңгейдегі беделді саясаткер ретінде атап, оның ел дамуына сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Президент Қазақстан халқының оны еліміздің досы әрі сенімді серіктесі ретінде танитынын айтып, қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін жеткізді.
Президент Жапонияға былтыр жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне назар аударды.
«Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз» , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Юрико Коикэ Мемлекет басшысына көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берді. Оның сөзінше, еліміз экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын белсенді дамытып келеді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Орталық Азиядағы Еуропа мен Азияны байланыстыратын басты экономикалық хаб ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Президент пен губернатор цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салаларда серіктестік орнату мүмкіндігін қарастырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.