
Мемлекет басшысы халықаралық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысы қарсаңында "Fortescue Future Industries" компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Эндрю Форресті, сондай-ақ "Полиметалл УК" акционерлік қоғамының президенті Игорь Финогеновті қабылдады.
Эндрю Форрестпен кездесу барысында көміртегін аз пайдалана отырып даму мәселесі талқыланды. Бұл – Қазақстанның стратегиялық мақсаттарының бірі.
"Fortescue Future Industries" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Президентке компанияның еліміздегі жел энергетикасы және жасыл сутегін өндіру жобаларына инвестиция салу жоспары туралы айтты.
Игорь Финогенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдегі ірі тау-кен және алтын өндіруші компаниялардың қатарына кіретін "Полиметалл УК" акционерлік қоғамының жұмысы туралы мәлімет берді.
Кәсіпкер Мемлекет басшысына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және күн электр станцияларын салу жөніндегі жоспарын айтты.