Тойда «тентек кәде» сұраған ер адамды жаңа құдасы ұрып құлатты

Тойда «тентек кәде» сұраған ер адамды жаңа құдасы ұрып құлатты
Коллаж: видеодан кадр

Оралда үйлену тойындағы «тентек кәде» жоралғысының соңы төбелеске ұласты. Желідегі мәліметке сай, күйеу жігіт жағынан келген құдалардың бірі әзілді көтере алмай, ер адамды ұрып жіберген, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға той үстінде болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, жоралғы барысында айтылған қалжыңға байланысты екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Артынша олардың бірі екіншісіне қол жұмсаған.

Негізінде Батыс Қазақстанға тән «тентек кәде» – құдаларды жақындастырып, тойдың көңіл-күйін көтеру мақсатында жасалатын әзіл-қалжыңы аралас дәстүрлі жоралғы. Әдетте бұл кәде кезінде құдалардың бірі сыналып, түрлі әзілге тап болады. Алайда қалжың шектен шығып кетсе, мұндай жағдай түсініспеушілікке әкелуі мүмкін.

Қазір оқиғаның нақты мән-жайы, жанжалға не себеп болғаны және тараптардың әрекетіне құқықтық баға берілген-берілмегені анықталып жатыр.