Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Qarmet автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін кеңейте түсті

Qarmet автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін кеңейте түсті

Qarmet металлургиялық комбинатының Орталық өткізу бекетінде автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін (АМТЖ) сынақтан өткізу басталды. Жаңа жабдық қызметкерлердің жұмыс ауысымы басталар алдында және аяқталғаннан кейін небәрі бір жарым минут ішінде денсаулығының негізгі көрсеткіштерін тексеруге мүмкіндік береді. Жүйені кезең-кезеңімен енгізу 16 қарашадан 14 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кәсіпорын аумағына кіреберісте қан қысымын, дене қызуын өлшеп, тыныс арқылы шығатын ауадағы алкоголь мөлшерін анықтайтын жеті автоматтандырылған кешен орнатылды. Осындай жүйе Qarmet-тің барлық шахтасында қолданылып, тиімділігін дәлелдеген. Енді бұл тәжірибе металлургиялық комбинатта да енгізілмек.

Медициналық тексеру рәсімі барынша жеңілдетілген және орта есеппен 90 секундқа созылады. Қызметкерге аппаратқа жақындап, қажетті тілді таңдап, бет-әлпетті тану жүйесі арқылы сәйкестендіруден өту жеткілікті. Одан кейін құрылғы экрандағы нұсқауларға сәйкес қажетті өлшемдерді бірінен соң бірін жүргізеді. Тексеру соңында қызметкер денсаулығына қатысты шағымдарының бар-жоғын көрсетіп, медициналық тексеру нәтижесі басып шығарылған парақты алады.

Жүйенің басты міндеті – жұмыс барысында қызметкерлердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін денсаулық жағдайындағы ауытқуларды дер кезінде анықтау.

Сынақтың алғашқы күнінде автоматтандырылған медициналық тексеруден 110-нан астам қызметкер өтті. Алкоголь немесе дене қызуының жоғарылауы тіркелген жоқ. Алайда бірнеше жұмысшының қан қысымы қалыпты деңгейден жоғары болғаны анықталды.

«Бұл, ең алдымен, қызметкерлерімізге деген қамқорлық. Мысалы, адамның қан қысымы жоғары болуы мүмкін, бірақ өзі оны сезбейді, дәрігердің есебінде тұрмайды және дәрі қабылдамайды. Мұндай жағдайлар бізде бұрын да кездескен. Қажетті дәрі беріп, қан қысымын қалыпқа келтіргеннен кейін қызметкерді жұмысқа жібердік», – деді Qarmet компаниясының медициналық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Александр Окунев.

Денсаулық көрсеткіштерінде ауытқу анықталған жағдайда қосымша медициналық бақылау қарастырылған. Алкогольдік масаңдық белгілері немесе дене қызуы жоғары қызметкерлер жұмысқа жіберілмей, тексеруден өту үшін медициналық мекемеге жолданады. Қан қысымы жоғары болған жағдайда медицина қызметкерлері адамның жағдайын бағалап, оны жұмысқа жіберу-жібермеу туралы шешім қабылдайды. Әсіресе, қайталанатын ауытқуларға ерекше назар аударылады. Бұл денсаулыққа қатысты ықтимал мәселелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.

«Егер қызметкердің қан қысымы әр ауысым сайын жоғары болса, оған міндетті түрде назар аудару қажет. Мұндай жағдайда оған арнайы ескерту парағы берілуі мүмкін. Сол құжатпен емханаға барып, диспансерлік есепке тұрады», – деп түсіндірді маман.

Комбинаттың барлық бөлімшесін жаңа жүйеге қосу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жүйе Qarmet қызметкерлеріне арналған. Алдағы уақытта оны мердігер ұйымдардың жұмысшыларына да қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.

Автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін енгізу – Qarmet компаниясының өндірістік үдерістерді цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру және қызметкерлердің денсаулығын сақтау бағытындағы кешенді жұмысының бір бөлігі.