Қазақстанда интернет пен әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке қарсы күрес жалғасуда. ІІМ мәліметінше, тікелей эфир кезінде заң бұзған 20-дан астам треш-стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның айтуынша, қаралым мен донат қуған стримерлер балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекетке барған, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге адамдардың ар-намысына тиген. Мұндай контенттің кәмелетке толмағандарға да қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Мәселен, Шымкентте TikTok эфирінде былапыт сөз айтқан ер адам 10 тәулікке қамалса, Павлодарда көлік жүргізіп отырып эфирге шыққан стример 20 тәулікке қамауға алынды. Талдықорған мен Түркістанда тағы екі стримерге әкімшілік айыппұл салынды.
ІІМ әлеуметтік желідегі жасырын аккаунттар жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп, мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.