TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастырамын деген алаяққа үкім шықты

TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастырамын деген алаяққа үкім шықты
24.kz

Астана тұрғыны TikTok әлеуметтік желісі арқылы Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, азаматтарды алдап келгені үшін сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, ер адам әлеуметтік желіде Англияда жұмысқа орналастыру туралы жарнамалар жариялап, қызығушылық танытқан азаматтарға кеңес беріп, сауалнама толтырған. Кейін құжаттарды рәсімдеу сылтауымен олардан ақша аударуды талап еткен.

Алайда қаражатты алғаннан кейін уәде етілген қызметтерді көрсетпей, жәбірленушілермен байланысын үзген.

Оның әрекетінен 10 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы материалдық шығын 1 миллион теңгеден асқан.

Сот ер адамды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес, оған пробация қызметінің келісімінсіз тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға, ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Егер сотталған азамат жұмыссыз болса, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада интернет арқылы «жеңіл табыс» іздеп, өз атына ашылған банк шотының деректерін бөгде адамдарға берген тұрғынға 216 мың теңге айыппұл салынған болатын. Тергеу мәліметінше, оның банктік шоты криптовалюта операцияларын жүргізу үшін пайдаланылған.