Тянь-Шаньның арғы бетінде: Тяньчи көліне сапар

Тянь-Шаньның арғы бетінде: Тяньчи көліне сапар
ult.kz

Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» поэмасында жырланған Тянь-Шань тауын арғы беттен көру ult.kz тілшісіне де бұйырды. 

Қазақ ақыны «Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай, Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!» деп жырлаған асқақ тау сілемдері бұл жолы Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі сапарымыздың бір бағытына айналды. 

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра нысанына кіретін Тянь-Шань тауларындағы Тяньчи көлі 5А санатындағы ұлттық парк.

Тяньчи көліне жол Фукан қаласынан шамамен 45 минутқа созылады екен.

Фото: ult.kz

Шыңжаңның «қонақ бөлмесі» атанған Фукан

Фукан қаласы географиялық тұрғыдан өте қолайлы жерде орналасқан. Қала Үрімжі халықаралық әуежайынан небәрі 45 шақырым, жүрдек пойыз вокзалынан 62 шақырым, Алашанькоу өткізу пунктінен 570 шақырым және Қорғас өткізу пунктінен 695 шақырым қашықтықта орналасқан. Қала аумағы арқылы G7 жедел автожолы, G216 республикалық автожолы және Үрімжі–Чжундун теміржолы өтеді. Фукан – Жібек жолы экономикалық белдеуін қалыптастырудағы маңызды көлік тораптарының бірі әрі Шыңжаңның Орталық Азия елдеріне және одан әрі батысқа шығатын маңызды қақпасы.

Фукан қаласы «Қытайдың үздік туристік қаласы», «Тұрақты даму жөніндегі ұлттық эксперименттік аймақ», «Ғылыми-техникалық прогресс үлгісі қала», «Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мәдени деңгейі жоғары қаласы» және басқа да көптеген құрметті атақтарға ие болған.

Көркіне көз тоймайтын Тянь-Шань таулары

Тянь-Шань тауындағы Тяньчи көліне апарар жол тақтайдай. Жол бойында байланыс жақсы істейді. Қауіпсіздік үшін камералар орнатылып, жол жиегі темір қоршаулармен қоршалған.

Тіпті тауда жүрген саяхатшыға ерекше көңіл күй сыйлау үшін әр жерде қытайдың дәстүрлі музыкасы шығатын құрылғылар орнатылған.

Тау іші көлікпен жүретін саяхатшыларға да, жаяу жүргіншілерге де ыңғайлы екен. 

Фото: ult.kz

Тянь-Шаньның інжу-маржаны

Тяньчи теңіз деңгейінен 1910 метр биіктікте орналасқан көл. Көлдің ұзындығы шамамен 3,4 шақырым, ең үлкен ені 1,5 шақырым, орташа тереңдігі 60 метр, ал ең терең жері 105 метр. Көлдің пішіні жоғарыдан қарағанда жасыл нефритке көмкерілген асқабаққа ұқсайды. Тяньчи ежелгі мұздықтардың әрекеті нәтижесінде қалыптасқан мореналық көл саналады. Тяньчи маңындағы табиғат пен көгілдір көл оны «Тянь-Шаньның інжу-маржаны» деп атауға негіз болған.

Жолбасшымыздың айтуы бойынша, Тяньчи көлі ежелгі дәуірде Яочи деп аталған. Сондай-ақ ол «Лунтань» («Айдаһарлар тоғаны») және «Бинчи» («Мұзды көл») деген атаулармен де белгілі болған. Қытай мифологиясында бұл көл Шығыстың алғашқы құдайы Сиванмуға қатысты қасиетті мекен саналады. Көл Чанцзи-Хуэй автономиялық округінің Фукан қалалық уезі аумағында, Фукан қаласынан 37 шақырым, Үрімжіден 68 шақырым қашықтықта орналасқан.

Фото: ult.kz

Тяньчи көрікті аймағының жалпы аумағы 548 шаршы шақырымды құрайды. Орман алқаптары аумақтың 41 пайызын алып жатыр. Оның құрамына Тяньчи көлі, Дэнганьшань, Маяшань және Богдо-Ула таулары (қазақша атауы – Боғда), сондай-ақ Баянголу, Хуаэрголу және Шуймогол шатқалдары кіретін жеті негізгі аймақ енеді. Мұнда 19 көрікті орындар тобы және 78 жеке нысан бар. Бүкіл аумақ экологиялық, табиғи-ландшафтық, тарихи ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру, туристік және бақылаудағы даму аймақтарын қамтитын алты қорғау аймағына бөлінген. 

Көлдің батыс жағалауындағы Хайси жағажайы туристер алғаш қабылданған орындардың бірі ретінде таныстырылады. 

Фото: ult.kz

Тяньчи жағалауына әр жылдары мемлекет басшылары мен белгілі тұлғалар келген. 

Тяньчи көлінің басты туристік бағдарламаларының бірі – қайықпен көл үстінде саяхат жасау. Қазақстандық журналистер де туризмнің бұл түрін сынап көрді.

Фото: ult.kz

Әрбір туристік нысан келушілерге қолайлы жағдай жасайтындай толық жабдықталған. Біз де аспалы арқан жолына отырып, тау бөктерінен биікке көтерілдік.

Фото: ult.kz

Тянь-Шаньдағы қазақ: «Үйде қазақша сөйлесеміз»

Аспалы көпірмен тау басына көтерілгенде бізді күлімдеп қазақ жігіт қарсы алды. Есімін Нұржанат Мұқият деп таныстырды. Аспалы көпірдің инженері екен. Туысымызды көргендей қуана қауыштық.

«Бұл ежелден қазақтардың жайылыс орны болған. Мен осы өлкеде туып өстім. Кезінде атпен, түйемен көшкенбіз. Қазір бұл ерекше қорғалатын жер болғандықтан, мал бағуға рұқсат жоқ. Есесіне үкімет халыққа қаражат береді. Туризмді дамытып отыр.

Осында қытай тілінде 12 жылдық мектепті бітірген соң Қазақстанға барып, Шымкент қаласында автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша білім алдым. Кейін туған жеріме оралып, аспалы көпірдің инженері болып жұмысқа тұрдым», — деп қандасымыз жөнін айтты.

Фото: ult.kz

Біз Нұржанат мырзадан жергілікті қазақтар ана тілін, дәстүрін қалай сақтап отырғанын сұрадық.

«Отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Ата-анам, балаларым, бәріміз өзара ана тілімізде сөйлесеміз. Ал жұмыс орында қытай тілінде сөйлесеміз. Біз қазақтың салт-дәстүрін берік сақтап отырмыз. Оған ешқандай кедергі жоқ», — деді ол.

Содан кейін ол маңайын көрсетіп, таныстыра бастады.

«Бұл жердің атауы қазақша — Боғда тауы және Боғда көлі. Бұл жерде әр жотаның, әр шыңның өз атауы бар. Байқап қарасаңыз, тастардың өз бейнесі бар. Бір тас күшік бейнесінде болса, тағы бірі бақаға құсайды, мына біреуі адамға ұқсайды», — деді Нұржанат Мұқият туған өлкесін таныстырып тұрып.

Фото: ult.kz

Тянь-Шаньның асқақ шыңдары мен Тяньчидің тұнық суын тамашалап қана қоймай, осы өлкеде ғасырлар бойы қазақтың ізі қалғанын сезіндік. Таудың әр тасы мен әр жотасының атауын айтып, туған жерін мақтанышпен таныстырған Нұржанат Мұқияттың әңгімесі сапарымызға ерекше әсер қосты.

Фото: ult.kz

Мағжан жырлаған Тянь-Шаньның арғы бетіне жасалған бұл сапар бізге табиғаттың таңғажайып көріністерін ғана емес, шекараның ар жағындағы ағайынның тыныс-тіршілігін де көруге мүмкіндік берді.

Қазақстан мен Қытайдың арасында мемлекеттік шекара бар. Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және адамдық байланыстар таудың екі жағындағы жұртты жақындастырып келеді.

Біздің сапар барысында көргеніміздей, бүгін бұл байланыстар туризм, көлік, сауда, мәдениет және білім салаларындағы ынтымақтастық арқылы жалғасып жатыр. Ал Тянь-Шань сол байланыстың үнсіз куәгеріндей. Бір жағында – Қазақстан, екінші жағында – Қытайдың Шыңжаңы.

Балжан Жеңісқызы