АҚШ-тың Сент-Луис қаласында бас сүйегі тұтасып туған екі жасар егіз қыз Хияб пен Вухбто сәтті ажыратылды. Операция мен оған дейінгі дайындық және кейінгі алғашқы қалпына келтіру жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылған, деп хабарлайды ult.kz.
Хияб пен Вухбто – бас сүйегі тұтасып туған егіздер, яғни краниопагтар. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының деректеріне сүйенген аурухана мәліметінше, краниопагтар шамамен әр 2,5 миллион тірі туған баланың бірінде кездеседі. Олар барлық бітіскен егіздердің 6 пайызынан азын құрайды.
Қыздар Эфиопияда дүниеге келген. 2025 жылдың наурызында, алғашқы туған күндеріне аз уақыт қалғанда, олар емделу үшін АҚШ-тың Сент-Луис қаласына жеткізілген.
Операцияға нейрохирургтер, пластикалық хирургтер, анестезиологтар және басқа да медицина мамандары қатысты. Барлығы 60-тан астам маман қыздардың еміне атсалысқан.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операция кезінде бас аймағындағы маңызды қан тамырлары мен тіндерді зақымдамай, екі баланың да өмірін сақтап қалу қажет. Сондықтан ота аса дәлдікті және бірнеше медициналық топтың үйлесімді жұмысын талап етеді.

Операция 24-25 ақпанда жасалған. Бірнеше аптадан кейін егіздер екі жасқа толған туған күндерін енді екі бөлек бала ретінде қарсы алған.
Алайда ажырату операциясы емнің соңғы кезеңі болған жоқ. Қыздарға ұзақ оңалту және қосымша хирургиялық ем қажет.
Қазір олар Ranken Jordan Pediatric Bridge Hospital мамандарының бақылауында. Дәрігерлер қыздардың өздігінен отыруын, тұруын, жүруін, тамақтануын, сөйлеуін және ойнауын үйренуіне көмектесіп жатыр.
«Енді олар жеке терапияға қатысып, бұрын жабысып тұрғандықтан жасай алмаған күнделікті әрекеттерді үйрене алады», – деді аурухана өкілі Ник Холекамп.
Қыздардың екеуі де әлі дәрігерлердің бақылауында. Вухбтоға бас сүйегіндегі ақауды қалпына келтіру бойынша краниопластика операциясы жасалған. Ал Хияб мұндай отаны күзде өткеруі тиіс.
Мамандардың айтуынша, алда әлі ұзақ оңалту кезеңі бар. Дегенмен қазір қыздар бөлек төсекте жатып, жеке ем қабылдап, бір-бірінен тәуелсіз қозғалыс жасауға біртіндеп үйреніп жатыр.