«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мухановпен және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен бірге «Жомарт» кенішіне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Toppress компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, деп хабарлайды Ult.kz.
Сапар барысында тараптар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің ағымдағы жай-күйімен, енгізіліп жатқан техникалық шешімдермен және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты. Руслан Өскенәлі кеніш атмосферасын бақылауды күшейтуге, желдету жүйесінің сенімділігін арттыруға, тау-кен массивінің жай-күйіне мониторинг жүргізуге және жерасты техникасын заманауи қорғаныс кешендерімен жарақтандыруға бағытталған іске асырылған әрі ағымдағы жобаларды таныстырды. Делегация мүшелері өндірістік учаскелерді аралап, жұмыс істеп тұрған жүйелердің тыныс-тіршілігін тексерді.
Кәсіпорында ауаны үздіксіз бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Стационарлық газ талдағыштар тәулік бойы деректерді бірыңғай диспетчерлік орталыққа жібереді, ал кеншілер қосымша 130 тасымалы аспапты пайдаланады. Өздігінен жүретін 62 жерасты техникасына метанның рұқсат етілген концентрациясы асқан кезде жабдықтың жұмысын бірден бұғаттайтын метанды автоматты бақылау жүйелері (метан-реле) орнатылған.

Параллельді түрде кеніште желдету жүйесін ауқымды жаңғырту жүріп жатыр. Негізгі желдету қондырғыларын күрделі жөндеуден өткізіп, тереңдігі 600 метрге дейінгі жаңа ұңғыманы бұрғылағаннан кейін таза ауа беру көлемі секундына 200 текше метрге артты. Қыркүйек айында кәсіпорын Korfmann маркалы үш қондырғы мен ВМЭ сериялы алты шахталық желдеткіш сатып алды, ал 2026 жылдың соңына дейін тағы үш желдеткішті монтаждау жоспарланған. Желдету жабдықтарын жаңартуға салынған инвестиция 306,9 миллион теңгені құрады. Бұдан бөлек, тау-кен қазбаларын оқшаулау арқылы желдетуді ұйымдастыру үшін үшінші желдету опаншасын салу жалғасуда.
Сандық және геомеханикалық бақылау үшін кеніште қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау және апаттық хабарлау жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін 58 шақырым сәулелендіргіш кабель төселген. 2026 жылдың шілде айынан бастап нысанда жерасты қазбаларының жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін геомеханикалық Мониторингтің бірыңғай цифрлық жүйесі жұмыс істейді. Барлық техникалық шешімдер бейінді ғылыми ұйымдардың зерттеулерімен дәлелденген.
«Жомарт» кенішінде өндірістік қауіпсіздікті арттырудың кешенді бағдарламасы 45 іс-шараны қамтиды, оның 40-ы толығымен орындалды. Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 2,7 миллиард теңгені құрайды, ал қалған жұмыстар аяқталу сатысында.