Нұрбек Пұсырманов: Біз идеологиялық тәуелділіктен арылып, академиялық еркіндікке өттік

Нұрбек Пұсырманов: Біз идеологиялық тәуелділіктен арылып, академиялық еркіндікке өттік

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы ел тарихын зерделеу ісіне де жаңа серпін берді. Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тарихы бұрынғы идеологиялық шектеулерден арылып, академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген жаңа кезеңге өтті. Бұл өзгерістің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегінің жарық көруі, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы – елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуымен қатар, ұлттық тарих ғылымындағы өзгерістерді де саралайтын маңызды кезең. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан тарихын зерттеу мен зерделеудің мазмұны жаңарып, отандық тарих ғылымында жаңа ғылыми көзқарастар қалыптасты.

Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов Қазақстан тарихының тәуелсіздік жылдарындағы даму ерекшелігіне тоқталып, ең алдымен ғылымның идеологиялық тәуелділіктен арылғанын атап өтті.

«Биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл. Бұның аясында Қазақстан тарихы да жаңа деңгейге жетті. Өйткені, біріншіден, біз идеологиялық тәуелділіктен арылып, академиялық еркіндікке өттік. Яғни қазіргі Қазақстан тарихының жеті томдық еңбегінің жазылуы да тәуелсіз сана тұрғысынан, академиялық еңбек тұрғысынан өте маңызды екенін атап өткен жөн», – деді Нұрбек Пұсырманов.

Ғалымның пікірінше, академиялық еркіндік Қазақстан тарихын зерттеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тарихи оқиғалар мен үдерістерді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, бұрынғы тұжырымдарға жаңаша қарау және ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін деректер негізінде зерттеу мүмкіндігі кеңейді.

Осы бағыттағы маңызды ғылыми жұмыстардың бірі – Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымы. Еңбек еліміздің ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі тарихи дамуын жүйелі түрде қарастыруға бағытталған. Оның дайындалуы Қазақстан тарихын тәуелсіз ұлттық сана және заманауи академиялық ұстанымдар негізінде зерделеудің маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында тарихи сананы жаңғырту, ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын зерттеу және тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу мәселелері де өзекті бағыттардың біріне айналды. Бұл үдерістер Қазақстан тарихының мазмұнын толықтыруға және оны жаңа ғылыми деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде отандық тарих ғылымының алдында өткенді зерттеумен қатар, тарихи процестерді заманауи ғылыми әдістер арқылы пайымдау, жас ұрпаққа объективті тарихи білім беру және ұлттық тарихи сананы қалыптастыру міндеттері тұр.