Іле Қазақ автономиялық ауданындағы Құлжа қаласында, Алты жұлдызды кварталда ерекше музей бар. Ол – жергілікті тұрғын Александр Зазулин (Александр Зазарин) мырзаның аккардион музейі, деп хабарлайды ult.kz.
Музейді көру үшін Қазақстаннан барған журналистер әр түрлі ұлт өкілдері тұратын, көркі көздің жауын алатын Алты жұлдызды кварталдағы Люсин деген көшені бойлай жүріп барды.

Фото: ult.kz
Алты жұлдызды кварталдың тарихы 1934 жылдан басталады. Ол Қытай Республикасының 23-жылы неміс инженері Васлидің жобасымен салынған.
Кварталдың сәулеттік жоспарлауында ағылшын қоғам қайраткері Говард ұсынған «Болашақтың мінсіз қаласы – бақ-қала» тұжырымдамасы негізге алынған.
Алты жұлдызды кварталдың ерекшелігі – оның жоспарлануының нақтылығында. Кварталға жоғарыдан қарағанда, орталықтағы саябақтан алты көше алты бағытқа тарайтыны анық көрінеді. Осы құрылым оның атауына да негіз болған.
Люсин көшесіндегі Аккардион музейі кварталдың өзіне тән ерекшелігін бұзбай, әдемі үйлесіп тұр. Тіпті көпұлтты ауданның түрлі мәдениеттер тоғысын айшықтап тұратындай.

Фото: ult.kz
Александр Зазулиннің өзі осы Люсин көшесінде туып өскен. Ол 15 жасынан бастап бар ынтасымен коллекция жинаумен айналысып келеді. Қазір оның қорында әлемнің 27 елінен жиналған 800-ден астам аккордеон және түрлі халықтарға тиесілі 300-ден астам музыкалық аспап бар.
Ол жастайынан аккордеонға әуес болып, өмірін оны ойнауға, жөндеуге, коллекция жинауға және дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізуге арнаған.
Ult.kz тілшісі Александрдың шәкірті, қандасымыз 27 жастағы Таңнәр Ырысбайұлымен сұқбаттасты.
«Менің ұстазым, әрі көршім – Александр Зазулин. Ұстазымнан аккардионда ойнап үйгенгеніме 3-4 жыл болды. Шыңжаң көркемөнер университетінде ән өнері бойынша оқып, бітіргеннен кейін осы музейге жұмысқа тұрдым. Сол кезде ағай бізге аккардион тартуды үйретті», – дейді сұқбаттасымыз.
Таңнәрдің өзі қазақтың «Сарыжайлау», «Дудар-ай», орыстың «Катюша», «Мәскеу кеші» сияқты әндерін ұнатады екен. Ол Қазақстаннан келген қонақтарға бірнеше ән орындап берді.

Фото: ult.kz
Музейде аккардионның сан түрін көруге болады. Ең үлкен аккардион, ең кішкентай, ең жеңіл және ең ауыр аккардионды осы музейден табуға болады. Бұл жерде Қытайдың түкпір-түкпірінен әкелінген аспаптар бар көрінеді.

Фото: ult.kz
Бүгінде Александр Зазулин «Орыс аккардион өнері» ұлттық материалдық емес мәдени мұра жобасының ұлттық деңгейдегі өкілі.
Музей қызметшісінің сөзінше, Іленің сан алуан мәдениеті музыкалық өнердің де алуан түрінің дамуына негіз болды. Аккардион музыкасы да мазмұны мен орындау мәнері жағынан бай әрі алуан түрлі.
Аккардион мәдениетін, сондай-ақ аккардионның пайда болу және даму тарихын білу Қытай мен Батыс арасындағы мәдени алмасуды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді әрі мәдениетімізге деген сенімімізді нығайтады.
Ал баянның Ілеге таралу тарихын білу халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, олардың достығын нығайтуға және мәдениеттердің өзара ықпалдастығын арттыруға өз септігін тигізеді.

Фото: ult.kz