Алматыда тұрғындарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, ақылы тұрақ, көліктерді арнайы тұраққа эвакуациялау және Шымбұлақ аумағына көлікпен кіруге қатысты жаңа ережелер бекітілді, деп хабарлайды ult.kz.
Шешімдерді қалалық мәслихат депутаттары кезектен тыс 52-сессия барысында қабылдады.
Тіркеуге қатысты талап өзгерді
Енді тұрғылықты жері немесе уақытша тұратын жері бойынша тіркелу кезінде бір адамға тұрғын үйдің кемінде 15 шаршы метрі тиесілі болуы керек.
Мәслихатта бұл талап бір мекенжайға көп адамның жалған тіркелуіне жол бермеу үшін енгізілгенін түсіндірді.
Алайда шектеу тұрғын үй иесі өзінің отбасы мүшелерін немесе жақын туыстарын тіркеген жағдайда қолданылмайды.
Шымбұлаққа көлікпен кіруге шектеу қойылады
Шымбұлақ ауданындағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көлікпен кіру тәртібі де өзгереді.
Қалалық билік бұл шешімді көлік қозғалысының күрт артуымен түсіндірді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында аталған аумақта 179 024 көлік өтуі тіркелген. Ал 2022 жылдың бүкіл жылында бұл көрсеткіш 76 606 болған. Қазір бақылау-өткізу бекеті арқылы тәулігіне орта есеппен 700 көлік өтеді.
Іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне шектеу қойылады. Электромобильдерге жұмыс күндері кіруге рұқсат етіледі, ал демалыс және мереке күндері оларға да шектеу қолданылады.
Бұл талаптан жергілікті тұрғындар, ұйымдар, жедел, коммуналдық және арнайы қызмет көліктері босатылады.
Алматыда ақылы тұрақ қымбаттауы мүмкін
Коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифі де өзгереді. Алматыда 2016 жылдан бері сағатына 100 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф қолданылып келген.
Енді баға аумақтың көлік жүктемесіне қарай белгіленеді:
- 100 теңге – жүктемесі төмен аумақтарда;
- 150 теңге – орташа жүктемелі аумақтарда;
- 200 теңге – сұранысы жоғары учаскелерде.
Қала билігінің мәліметінше, соңғы он жылда Алматыдағы көлік саны 1 миллионнан асқан. Сараланған тарифтер тұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға бағытталған.
Көлікті эвакуациялау ақылы болады
Алматыда алғаш рет ұсталған көліктерді коммуналдық арнайы тұрақтарға жеткізу және сақтау үшін ақы белгіленді.
Көлікті арнайы тұраққа жеткізу құны 3 АЕК – 12 975 теңге болады. Бұл сома көлік санатына қарамастан бірдей.
Жеңіл көлікті арнайы тұрақта сақтаудың алғашқы тәулігі 2,5 АЕК – 10 812 теңге, ал кейінгі әр тәулікке 5 АЕК – 21 625 теңге алынады.
Егер көлік иесі эвакуация болған күні сағат 18:00-ге дейін көлігін алып кетсе, сақтау ақысы алынбайды.
Жаңа тарифтер кез келген эвакуацияға қатысты емес. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген жағдайларда ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге ғана қолданылады.
Қалалық биліктің мәліметінше, қазір эвакуаторларды ұстауға бюджеттен жыл сайын шамамен 862 миллион теңге, ал арнайы тұрақтарға 113 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жалпы шығын 974 миллион теңгеден асады. Жаңа төлем жүйесі бұл шығындарды өзін-өзі ақтайтын деңгейге жеткізуге бағытталған.
Сонымен қатар мәслихат Алматы мәслихаты аппаратының ережесін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру туралы шешім қабылдады.