Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы кітап пен оқырман мәселесін мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне шығарды. Осы бастаманы жалғастырған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қоғам өкілдерін «Жылдың 10 оқырманы» жобасына қатысуға шақырды.
ARMAN-PV баспасының бас директоры Дидара Алина бұл бастаманы кітап индустриясы үшін маңызды қадам деп бағалайды.
«Баспагер ретінде бұл бастаманы қолдаймын. Тұрақты оқырман – кітап индустриясының негізгі тірегі. Оқырман көбейген сайын сапалы мазмұнға сұраныс артады, жаңа авторларға жол ашылады, баспа мен кітап саудасы дамиды. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру – тек ағартушылық мәселе емес, тұтас саланың болашағына әсер ететін фактор», – дейді Дидара Алина.
2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ARMAN-PV оқу, оқу-әдістемелік, танымдық және мәдени басылымдар шығарады. Ширек ғасырға жуық тәжірибесі бар баспа бүгінде қазақстандық кітапты халықаралық кәсіби ортада таныстыру бағытын да күшейтіп келеді.
Қазір баспа 7–11 қазанда өтетін Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесіне дайындалып, жаңа басылымдарын әзірлеп жатыр. Қазақстандық баспалардың Франкфурт көрмесіне қатысуын Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары жүйелі қолдап келеді. 2024 және 2025 жылдары министрліктің қолдауымен Қазақстанның ұлттық стенді ұйымдастырылып, ARMAN-PV отандық баспалар қатарында көрмеге қатысты.
«Франкфурт – кітапты көрсету алаңы ғана емес. Бұл авторлық құқық, аударма, серіктестік және жаңа нарықтар туралы келіссөз жүретін кәсіби орта. Министрліктің қазақстандық баспаларды халықаралық алаңдарға шығаруға көрсетіп отырған қолдауы біз үшін маңызды. Биыл да жаңа кітаптарымызды халықаралық аудиторияға лайық деңгейде ұсынуға дайындалып жатырмыз», – дейді баспа басшысы.
Дидара Алинаның айтуынша, ішкі нарықта тұрақты оқырман қалыптастыру мен қазақстандық кітапты халықаралық деңгейге шығару – бір-бірін толықтыратын екі бағыт. Бірі кітапқа сұранысты арттырса, екіншісі отандық баспа индустриясының жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.