Банкоматта қалған 600 мың теңге: Орал тұрғыны ұсталды

Банкоматта қалған 600 мың теңге: Орал тұрғыны ұсталды
ашық дереккөз

Оралда банкоматтың ақша қабылдайтын ұяшығында қалып қойған 600 мың теңгеден астам қаражатты алып кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға сауда үйлерінің бірінде болған. Әйел банкомат арқылы шотына 600 мың теңгеден астам ақша салған. Алайда техникалық ақауға байланысты қаражат есепшотқа түспей, банкоматтың ақша қабылдайтын бөлігінде қалып қойған.

Әйел операция аяқталды деп ойлап, банкоматтан кеткен. Біраз уақыттан кейін келген ер адам ұяшықта тұрған ақшаны алып кеткен.

Полиция күдікті ретінде Орал қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Тәркіленген ақша иесіне қайтарылды.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды банкомат арқылы ақша салған кезде операцияның толық аяқталғанына және қаражаттың шотқа түскеніне көз жеткізуге шақырды.