Қазақстанда емханалардағы дәрігер қабылдауына жазылу тәртібі жаңарды. Осыған байланысты бейінді мамандарға учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз бірден баруға болады деген ақпарат тараған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жолдама жүйесі толық жойылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz Tengrinews ақпарат порталына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жалпы практика дәрігері (ЖПД) пациенттің медициналық бағытын анықтайтын негізгі буын болып қала береді. Ол асқынбаған жағдайларда өздігінен ем көрсетіп, қажет болған жағдайда бейінді маманға жібереді.
Қандай жағдайда жолдамасыз маманға баруға болады?
Жаңа тәртіп бойынша мына жағдайларда бейінді дәрігерге учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жазылуға болады:
- жарақат алған кезде, оның ішінде ЛОР және офтальмология бағытындағы шұғыл жағдайларда;
- стоматологқа – шұғыл және жоспарлы жағдайларда;
- дерматовенерологқа – тері және венерологиялық аурулар кезінде;
- акушер-гинеколог пен психологқа – тіркелген емханасы бойынша (жүктілік бойынша алғашқы есепке тұру жағдайынан басқа);
- онкологиялық немесе гематологиялық ауруға күдік болғанда, тиісті талдау немесе УДЗ нәтижелері болса;
- созылмалы ауруы бар, динамикалық бақылауда тұрған пациенттерге;
- қайталама қабылдауға – емдеу жағдайы әлі жабылмаған болса;
- жастар денсаулық орталықтарына, медициналық пойыздар мен жылжымалы медициналық кешендерге жүгінген кезде.
Қалған жағдайларда бейінді маманға алғашқы рет бармас бұрын терапевтке немесе ЖПД-ға қаралу қажет.
Дәрігерге жазылуда тағы қандай өзгерістер бар?
Енді емханалар бейінді мамандардың қабылдау кестесін 60 күнге дейін алдын ала ашуы тиіс. Бұған дейін жазылу кестесі негізінен 14 күнге ғана ашылатын.
Сонымен қатар ем аяқталмаған жағдайда пациентке қайтадан терапевттен жолдама алудың қажеті жоқ. Бейінді маман пациенттің мәртебесін «емделуі жалғасуда» деп белгілеп, қайта қабылдауға өзі жазып қоя алады.
Тағы бір жаңалық – бейінді дәрігер пациентті өз бетінше УДЗ, КТ, зертханалық талдауларға жібере алады. Сондай-ақ ең көбі үш бейінді маманның консультациясына жолдама бере алады.
Қабылдауға жазылуды емхананың тіркеу бөлімі, call-орталығы, медициналық ұйымның мобильді қосымшасы немесе eGov.kz арқылы жүзеге асыруға болады.