Оралда той кезінде «тентек кәде» жасамақ болған ер адам құдасынан соққы алғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Желіде жарияланған видеода кәде сұрап, ортаға шыққан ер адамның екінші адамның бір соққысынан кейін құлап қалғаны көрінеді. Оқиғаға қатысты видеоға қоса аудиожазба да тараған.
Аудио авторының айтуынша, той барысында бірнеше адам «тентек» кейпіне еніп, оны ортаға алып шығып, кәде сұраған. Алайда бұл әрекет құдасына ұнамай, ол ер адамның біріне соққы жасаған.
«Талып қалып, 40 минуттан кейін травмпункте есін жиған. Заявление жазып тастап, сонымен істі болған жайдайым бар. Бірақ шешілгендей болды әйтеуір. Жігіттермен барып, кешірімімізді алып, кішкене тиын-тебенін беріп…» – делінеді аудиожазбада.
Аудио авторы ер адамның соққыдан кейін бірнеше жарақат алғанын айтқан. Оның сөзінше, тісі түсіп, құлаған кезде қабырғасы сынып, басы жарылған. Кейін жарақат алған азаматты Мичурин ауылындағы сынықшыға апарған.