Қазақстан теңгесі соңғы уақытта нығайып, айырбастау орындарында АҚШ долларының сатып алу бағамы 450 теңгеден төмендеді. Осыған байланысты доллардың 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе деген сұрақ туындады, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстандық экономист Алмас Чукиннің пікірінше, доллар бағамының 400 теңгеден төмендеуі екіталай.
Теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты, мұнай бағасының жоғары болуы және сыртқы нарықтағы жағдай бар.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме мен реттеу тетіктері арқылы нарықтағы артық өтімділікті шектеп отыр. Ал мұнай бағасының барреліне 100 доллардан асуы Қазақстан экономикасы мен ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетуде. Бұған қоса, капиталдың нарыққа келуі де теңге бағамына оң әсер етуде.
Алайда сарапшы қазіргі теңге бағамын тым жоғары деп бағалайды. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада ұлттық валюта біртіндеп әлсіреуі мүмкін.
Бұған мемлекеттік шығындардың артуы әсер етеді. Алдағы уақытта Ұлттық қордан қаражат алу, ірі инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын белсенді жүзеге асыру ақша массасы мен жалақының өсуіне әкелуі мүмкін. Егер бұл үдеріс тұтыну тауарлары көлемінің сәйкесінше артуымен қатар жүрмесе, инфляциялық қысым күшейеді.
Экономисттің болжамынша, алдағы бір жылда маусымдық ауытқуларды ескергенде, доллар бағамы 470–490 теңге аралығында тұрақтануы мүмкін.