Теміржолға шыққан жылқы иесіне сот 531 мың теңге төлеуді міндеттеді

Теміржолға шыққан жылқы иесіне сот 531 мың теңге төлеуді міндеттеді
Orda.kz.

Жамбыл облысында пойыз қағып кеткен жылқының иесі теміржол компаниясына 531 мың теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға өткен жылдың қараша айында Отар–Шу теміржол учаскесінде болған. Жолаушылар пойызы қозғалып келе жатқан сәтте локомотивтің алдына кенеттен жылқы шығып кеткен. Машинист дыбыстық белгі беріп, шұғыл тежегішті қолданғанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.

Салдарынан электровоз зақымданып, қалпына келтіру жөндеуіне жіберілген. Теміржол компаниясы келтірілген материалдық шығынды 531 мың теңгеге бағалаған.

Тексеру барысында мамандар жылқының иесін анықтады. Оның бұған дейін де теміржол маңында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Осыған байланысты теміржол компаниясы Шу аудандық сотына локомотивті жөндеуге кеткен шығынды өндіру туралы талап арыз түсірген.

Іс материалдарын зерделеген сот жол-көлік оқиғасына мал иесінің теміржол маңында мал жаю талаптарын сақтамауы себеп болған деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен жылқы иесінен 531 мың теңге көлеміндегі материалдық шығын, сондай-ақ мемлекеттік баж салығына жұмсалған шығын өндірілетін болды.