Темір кенін заңсыз қазып, миллиардтан астам теңге тапқан кәсіпкер сотталды

Темір кенін заңсыз қазып, миллиардтан астам теңге тапқан кәсіпкер сотталды
Видеодан скриншот

Шығыс Қазақстан облысында темір кенін заңсыз өндіріп, сатумен айналысқан кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істің салдарынан табиғи аумаққа да елеулі залал келген, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында «AK Metal» ЖШС-нің лицензиясы тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілгені анықталған. Алайда компания зертханалық және технологиялық зерттеулер жүргізу деген желеумен темір кенін және оның концентратын іс жүзінде өнеркәсіптік көлемде өндіріп отырған. Өнім кейін Қазақстан аумағында және шетелде сатылған.

Тергеу мәліметінше, заңсыз өндіріс нәтижесінде 70 мың тоннадан астам темір кені сатылған. Ал қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.

Кен өндіру жұмыстары қоршаған ортаға да әсер еткен. Соның салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, табиғи рельеф пен ландшафт өзгерген. Аумақта тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған.

ҚМА мәліметінше, сотталған азамат заңсыз жолмен тапқан қаражатына қымбат мүлік сатып алған. Оның ішінде Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық нысан, екі автотұрақ орны және Алматы қаласы мен облысындағы екі жер учаскесі бар.

Сот бұл мүліктердің жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатынын ескеріп, барлығын мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім шығарды.

«AK Metal» ЖШС басшысы Д. К. Бектемиров бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.