Танымал актер Тәуекел Мүсілім отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі және ата-ананың ерлі-зайыптылар өміріне араласуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі сұхбат барысында әр отбасының өз шекарасы болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, ата-ана балаларына ақыл-кеңес бергенімен, олардың жеке өміріне және бала тәрбиесіне қатысты шешімдеріне араласпағаны жөн.
Актер бұл ұстанымын өз отбасында да сақтауға тырысатынын жеткізді. Айтуынша, кейде анасы немерелерінің тым ерке болып өсіп жатқанын айтып, ескерту жасайды. Алайда Тәуекел Мүсілім қазіргі балаларды бұрынғы әдіспен тәрбиелеу дұрыс емес деп есептейді.
“Мен анама үнемі жұмсақ жеткізуге тырысамын. Анам балаларымның тәрбиесіне араласып: “Өте ерке, көп ойыншық алып бересің, тым еркелетіп жібергенсің” деп айтып қалады. Ондайда: “Мама, сендердің кезіңдегі тәрбие қазір жүрмейді” деймін”, – деді актер.
Сонымен қатар өнер иесі болашақта өз балалары отбасын құрған кезде олардың жеке өміріне араласпауға ниетті екенін айтты. Бұл мәселені жұбайымен де алдын ала талқылайтынын жасырмады.
“Қазірдің өзінде әйеліме де: “Ертең ұлдарымыз ержетіп үйленеді, әрқайсысының өз отбасы болады. Сол кезде араласпайықшы” деп ескертіп отырамын”, – деп бөлісті Тәуекел Мүсілім.
Айта кетейік, Тәуекел Мүсілім Жанар Дұғаловамен қандай байланысы барын айтты.
Тәуекел Мүсілім кім?
Тәуекел Мүсілім – қазақстандық танымал актер, тележүргізуші және модель. Ол 1988 жылы 9 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Болашақ актер Алматыдағы №140 мектеп-гимназиясында білім алған. Кейін Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін машина жасау мамандығы бойынша тәмамдаған. Негізгі мамандығы инженер-механик болғанымен, еңбек жолын өнер саласымен байланыстырды.
Тәуекел Мүсілім шығармашылық жолын модельдік бизнестен бастаған. Кейін жарнамалық роликтер мен музыкалық бейнебаяндарға түсіп, көпшілікке таныла бастады. Актер ретінде танылуына 2014 жылы жарық көрген “Махаббатым жүрегімде” телехикаясы ықпал етті. Бұл жобада ол басты рөлдердің бірін сомдады. Кейін “Аға ма, әлде неке ме?”, “Анамды іздеймін”, “Қазақ аруы”, “Свадьба.kz” және “Маша мен Дударай” секілді фильмдерге түсті. Сонымен қатар “Хабар” телеарнасындағы “Жаңа күн” бағдарламасының жүргізушісі ретінде де еңбек етті.
Өнер иесі шығармашылық қызметімен қатар отбасылық өмірі туралы да сұхбаттар беріп тұрады. Ол бала тәрбиесі, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы және отбасындағы жауапкершілік мәселелеріне қатысты көзқарасын көпшілікпен бөлісіп келеді.