Таразда 24 жастағы жігітті пышақтап кеткен: күдікті ұсталды

Таразда 24 жастағы жігітті пышақтап кеткен: күдікті ұсталды
Фото: freepik

Таразда 24 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Куәгерлердің айтуынша, бірнеше адам жас жігітке пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ауыр жарақат алған азаматқа тұрғындар жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні көп ұзамай ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелдінің мәліметінше, аталған факті бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалған.

«Полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деді Байжан Байгелді.

Қазір полицейлер қылмыстың барлық мән-жайын анықтап жатыр.