Шығыс Қазақстан облысында танысының сеніміне кіріп, оның атына тауарлық несие рәсімдеген азаматқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Алтай қаласының полиция бөліміне банктен қарызы бар екені туралы хабарлама алған жергілікті тұрғын шағымданған.
«Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер қылмысқа жәбірленушінің танысы қатысы барын анықтады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, өткен жылдың қараша айында күдікті танысының телефонын уақытша пайдалану үшін алып, банк қосымшасына кірген. Кейін оның атына тауарлық несие рәсімдеп, шамамен 400 мың теңгеге ойын консолін сатып алған. Тапсырысты өз мекенжайына жеткізуді көрсеткен.
Жәбірленуші заңсыз рәсімделген несие туралы тек банктен берешек жөнінде хабарлама келгеннен кейін ғана біліп, полицияға жүгінген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды қырағылық танытып, ешкімге, тіпті таныстары мен әріптестеріне де, телефонын немесе банк қосымшасына қол жеткізу мүмкіндігін бермеуге шақырды. Өйткені мұндай әрекет елеулі қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.