Еліміздегі ұшақ, пойыз билеттерінің қымбаттшылығы әуелден шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе. Елде қызмет көрсететін авиакомпаниялардың саны санаулы ғана, ал теміржол тасымалы бойынша тек “Қазақстан Теміржолы” компаниясы қызмет атқаратынын ескерсек, бұл салада бәсекелестік тіпті жоқ. Десе де мұнай өз жерімізден шығып жатқанда жалпы бағаны реттеуге болар еді.
Жаздың соңғы айы жақындап қалды. Әсіресе тамыз айында елдегі ұшақ билеттерімен поезд билеттерінің бағаларының шарықтап кететіні үлкен студенттер мен ата-аналарға ауыр. Әсіресе Астана, Алматы- Ақтау, Түркістан- Орал сияқты шалғай бағыттарда билеттердің бағасы 100 мыңнан асып, 150 мыңға дейін жетіп қалады. Ал поезға бұл айда билет табу кейде әсте мүмкін емес.
Кейде Қазақстан ішіндегі екі қала арасына ұшу екі елдің арасындағы бағамен теңесіп қалады.
Бағаның қымбатшылығын шілде, тамыздағы билеттерге сұраныстың жоғарылығымен түсіндіреді. Әсіресе тамыз айында демалыс маусымының шарықтау кезеңі яғни мектеп оқушылары, студенттер өз оқу орындарына қайтады. Сондықтан Қазақстанның кез келген қаласынан Астана, Алматы бағытына жеткізетін билеттер тапшы, әрі қымбат болады. Ал билеттер қарқынды сатылып, орындар азайған кезде ол динамикалық баға жүйесі бойынша тағы өседі.
Абзалында
Егер жаздың ең қымбат маусымына билет алар болсаңыз ұшақ билеттерін кемі 1-2 ай бұрын алуға кеңес беремін. Ал пойыз билеттері әдетте 45 күн бұрын Астана уақытымен таңғы 7.00 де сатылымға шығады. Ең жайлы орындарды осы уақытта ұстап үлгересіз. Ал енді сапарды алдын ала жоспарлау мүмкіндігі жоқ, аяқасты жолға шығу қажет жағдайда арзан бағамен билет алу мүмкіндігі екіталай. Дегенмен күніне билет бағасын бірнеше рет тексеріп, көрші қалалар арқылы ұшу мүмкіндігін де қарастыру қолжетімді бағаға жол ашады. Ал жалпы елдегі жол тасымал билеттерінің бағасын реттеу үкіметтің міндеті болып қалатыны сөзсіз.