
Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған ПБ қызметкерлерімен бірге тәртіпсіздік кезінде облыс әкімдігі ғимаратын тонаған күдіктілерді анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
"Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорғанның 41, 37 және 24 жастағы үш тұрғыны ұсталды. Олар 5-7 қаңтар аралығында облыс әкімдігі ғимаратына заңсыз кіріп, тұрмыстық техника ұрлады. Екі тоңазытқыш, екі кондиционер, мультиварка, кеңсе орындығы, су сорғысы және т.б. заттар ұрланған", - деді Алматы облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Найзабасов.




Еске салайық, биыл қаңтардың басында Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздік болған еді. Осы оқиғалар кезінде мемлекеттік мекеме ғимаратынан құнды заттар ұрланған.
"Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір бұл адамдар кінәларын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды", - деді полковник Найзабасов.