Freedom Inside '26

Таксистер мен курьерлер бақылауда: мобильді аударымдарға тексеріс күшейді

Таксистер мен курьерлер бақылауда: мобильді аударымдарға тексеріс күшейді
ашық дереккөз

Қазақстанда мобильді аударымдарға жүргізілген мониторинг нәтижесінде 115 мың адам бақылауға ілікті. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, банктер ұсынған мәліметтерге сәйкес, аталған азаматтар үш ай қатарынан 100-ден астам аударым қабылдап, олардың жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асқан. Тексеруге түскен аударымдардың жиынтық көлемі 1 триллион теңгеден асады.

Оның ішінде 670 миллиард теңге жеке тұлғалар арасында аударылған. Сонымен қатар бақылауға алынғандардың қатарында 7 800 бейрезидент бар.

«Олар бойынша бақылауды күшейттік. Қаражаттың қайдан келгені және қайда жұмсалғаны анықталады. Сондай-ақ шамамен 200 миллиард теңге көлемінде аударым жасаған жеке кәсіпкерлер де бар. Барлығына түсініктеме беру үшін хабарлама жіберілді», – деді Мәди Такиев.

Министрдің сөзінше, бақылауға іліккендердің арасында такси жүргізушілері мен курьерлер көп. Көбі мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптардан хабарсыз болғанын айтып, салық органдарына жүгінген.

Қаржы министрлігі бұл шаралардың мақсаты азаматтарды жазалау емес, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды заң аясында бақылау екенін атап өтті.