Таиландтағы мектепте оқушы бес мұғалімді атып өлтірді

Таиландтағы мектепте оқушы бес мұғалімді атып өлтірді
Reuters

Таиландтың Нонтхабури провинциясындағы мектепте болған атыс салдарынан кемінде сегіз адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды. Қайғылы оқиғаны тоғызыншы сынып оқушысы жасаған, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, күдікті мектепке бармас бұрын өз үйінде атасы мен әжесін атып өлтірген. Кейін ол Нонтхабури провинциясының Банг-Круай ауданындағы мектепке келіп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған.

Қаза тапқандар саны жөнінде ресми органдар әртүрлі мәлімет жариялады. Полицияның соңғы ақпаратына сәйкес, оқиға салдарынан күдіктінің өзі, оның атасы мен әжесі, үш мұғалім және үш оқушы қаза тапқан. Ал Таиландтың Денсаулық сақтау министрлігі мектепте бес мұғалімнің қаза болғанын мәлімдеді. Осылайша, ведомствоның дерегі бойынша құрбандар саны сегіз адамды құрайды.

Жараланғандардың екеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды. Оқиғадан кейін мектептің барлық оқушысы мен қызметкерлері эвакуацияланды.

Полицияның алдын ала мәліметінше, күдікті 14 жаста болған. Ол оқиға кезінде 9 миллиметрлік тапаншаны пайдаланған. Кейін анықталғандай, қару атасыныкі болған. Тергеушілер мектеп оқушысының қаруды қалай алғанын анықтап жатыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, атыстан кейін күдікті өзіне қол жұмсаған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.