Шымкент қаласында ауыр жүк көлігінің қатысуымен адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға салдарынан 11 жастағы бала қаза тапты. Қазір жағдайдың толық мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға Абай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мекемеге тиесілі ауыр жүк көлігі қатысуымен болған. Бала жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте көлік оны қағып кеткен.
Марқұм биыл 5-сыныпты аяқтаған Нұрасыл екені хабарланды. Ол отбасындағы алты баланың екіншісі болған. Қайғылы оқиға болған күні ол қарындасымен бірге дүкенге балмұздақ алуға шыққан.
Куәгерлердің айтуынша, бала оқиға орнында көз жұмған. Жүргізуші сол жерде ұсталып, кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлік арнайы айыптұраққа қойылған.
Қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.