Шымкентте жалған пластикалық хирургтің кесірінен әйел бір көзінен айырылды

Шымкентте жалған пластикалық хирургтің кесірінен әйел бір көзінен айырылды
ашық дереккөз

Шымкент қаласында медициналық білімі мен лицензиясы жоқ әйелдің заңсыз пластикалық операция жасау фактісі бойынша сот үкімі шықты. 28 жастағы қала тұрғыны блефаропластика жасағаннан кейін пациенттің бір көзі толық көрмей қалған, деп хабарлайды ult.kz Hronika.kz порталына сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы медициналық орталықтардың бірінен кабинет жалдап, әлеуметтік желілерде пластикалық операциялар мен тіпті хирургия бойынша «оқыту курстарын» жарнамалаған. Ол танысын 100 мың теңгеге қабаққа операция жасатуға көндірген.

Алайда операция кезінде асқынулар туындап, науқастың сол көзінде қатты қан кету мен ісіну байқалған. Пациент көру қабілетінен айырылғанын айтқанымен, әйел мұны қалыпты жағдай деп түсіндірген.

Кейін кәсіби дәрігерлер зардап шегушіге көру жүйкесінің атрофиясы диагнозын қойған. Уақыт жоғалтудың салдарынан көздің көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Сот оны заңсыз медициналық қызмет көрсетіп, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі бір жылға кейінге шегерілді.

Бұдан бөлек, сотталған әйел жәбірленушіге:

  • 5 млн теңге моральдық өтемақы;
  • 369,6 мың теңге материалдық шығын;
  • 2 млн теңге заңгерлік қызмет шығынын;
  • 58,9 мың теңге жәбірленушілерге өтемақы қорына төлем төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.