Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан

Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан
НеМолчиKZ

Ерлі-зайыпты шамамен бес жыл бұрын ажырасқан. Олардың ортақ баласы бар. Әйел сұлулық салонында жұмыс істейді, деп хабарлайды ult.kz.

Шабуыл болған күні бұрынғы күйеуі оған басқа нөмірден хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол әйелден кешкі уақытта қабылдауын сұраған. Кейін сұлулық салонына құрамында қышқылы бар ыдыспен келіп, оны әйелдің үстіне төгіп жіберген.

Жәбірленуші басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы мен иығынан ауыр күйік алған. Қазір ол ауруханада жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға несие және алимент төлеуге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін.

Ер адам ұсталды. Аталған факті бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.