Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан ер адамға қатысты жаңа дерек шықты

Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан ер адамға қатысты жаңа дерек шықты
Коллаж: ult.kz

Шымкентте бұрынғы күйеуі қышқыл шашқан әйелдің ісіне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желідегі НеМолчиКЗ қозғалысы хабарлады.

Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, күдікті әйелдің телефонына өзінің жаңа нөмірін байқатпай сақтап, оны «Айнұр клиент» деп тіркеген.

Олардың айтуынша, шабуылдың алдында күдікті сол нөмірден әйелге хабарласып, таңғы сағат 5-те ұшақ пен такси дайын болатынын айтып, сұлулық салонына шақырған. Әйелге ақша қажет болғандықтан, үйіне жақын орналасқан салонға барған. Сол жерде ер адам оны аңдып тұрып, канистрдегі күкірт қышқылын шашқан.

Жәбірленуші шабуыл жасаған адамның кім екенін бірден түсінбеген. Өйткені ол каска, қолғап және арнайы киім киген.

Қазір әйел ауруханада ем қабылдап жатыр. Оған тергеуші келіп, қосымша жауап алғаны хабарланды.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, күдікті бұған дейін екі рет үйленген. Жәбірленуші оның үшінші әйелі болған. Сондай-ақ оның әртүрлі некелерінен балалары бар екені және алимент төлемегені айтылды.

НеМолчиКЗ өкілдері бұл әрекетті қасақана жасалған қылмыс деп бағалап, полициядан күдіктінің қышқылды қалай сатып алғанын, оның интернеттегі іздеу тарихын, банк операцияларын және шабуылға дайындық кезінде кімдермен байланысқанын тексеруді сұрады.

Қазіргі таңда істің нақты құқықтық саралануы мен күдіктінің кінәсі сотта анықталуы тиіс.