Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиев 19 қыркүйекте Жезқазғандағы №62 колонияға этаппен жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Сот оған 14 шілдеде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сотталған азамат үкімге шағым түсірмегендіктен, үкім 3 қыркүйекте заңды күшіне енді.
Жезқазғанның өнеркәсіптік аймағында орналасқан №62 мекеме бұрын аралас қауіпсіздік режиміндегі колония болған. 2026 жылы оны өмір бойына сотталғандарды ұстауға бейімдеу туралы шешім қабылданған. Қазір мекемеде жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сәрсемалиев 2025 жылдың соңында Атырауда хабар-ошарсыз кеткен төрт адамға қатысты қылмыс бойынша халықаралық іздеуге жарияланған. Ол Индонезияда ұсталып, кейін Қазақстанға жеткізілген.
Тергеу барысында оның берген жауабы негізінде жоғалған отбасы мүшелерінің мәйіттері табылды. Кейін Сәрсемалиев төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталды.
№62 мекемесіне тағы қандай сотталғандар жеткізілгені және онда қанша адам отырғаны туралы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ақпарат бермеді.