Стамбұлдың ауыр қылмыстар жөніндегі соты Өзбекстанның екі азаматын екі отандасын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ult.kz.
Сот 31 жастағы Дилшод Турдимуратов пен 29 жастағы Гафуржон Камолходжаевты Дурдона Хакимова мен Сайера Эргашалиеваны аса қатыгездікпен өлтірді деп таныған.
Бұдан бөлек, сотталушылардың әрқайсысына ұрлық жасағаны үшін жеті жылдан екі рет бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыс 2026 жылдың басында болған. 24 қаңтарда Стамбұлдағы қоқыс контейнерлерінің бірінен бөлшектелген әйелдің денесі табылған. Полиция күдіктілерді анықтап, оларды Түркиядан кетуге әрекеттенген кезде Стамбұл әуежайында ұстаған.
Тергеу барысында бұған дейін сол пәтерде тағы бір Өзбекстан азаматының қаза болғаны анықталған. Тергеу мәліметінше, оның да денесі бөлшектеліп, қалдықтары қоқыс контейнеріне тасталған.
Сот отырысында айыпталушылардың ұстанымы әртүрлі болған. Гафуржон Камолходжаев Сайера Эргашалиеваны жалғыз өзі өлтіргенін айтып, бұл қылмысқа Дилшод Турдимуратовтың қатысы барын жоққа шығарған.
Ал Турдимуратов соңғы сөзінде жасаған әрекетін ақтауға болмайтынын айтып, өкініш білдірген.