Өскеменде «Oskemen Open 2026» халықаралық шахмат фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Жарысқа қатысу үшін Қазақстанның шығысына 16 елден 200-ге жуық шахматшы келді, деп хабарлайды ult.kz.
Бағдарлама екі турнирден тұрады: FIDE Circuit 2026-2027 жарыстар сериясына енгізілген Masters (рейтингі кемінде 2400 шахматшылар үшін) және Open (рейтингі 2400-ге дейінгі шахматшылар үшін).
Masters турниріне қатысуға 16 елден 77 шахматшы өтінім берген, олардың арасында 22 халықаралық гроссмейстер (GM), әйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар.
Тізімді 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша рейтингі «2600» межесінен асатын бес гроссмейстер бастап тұр. Олар: әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турнирінің қатысушысы Андрей Есипенко (2678, FIDE), көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Максим Чигаев (2648, Испания) пен Шант Саргсян (2646, Армения), «Aktobe Open 2024» күміс жүлдегері Александр Предке (2603, Сербия) және «Almaty Region Open. Qonaev Cup 2025» жеңімпазы Адитья Миттал (2602, Үндістан).
Өңір намысын гроссмейстерлер Денис Махнёв (2562), Алдияр Ансат (2500), Қазыбек Нөгербек (2494), Рамазан Жалмаханов (2478), Әлішер Сүлейменов (2476) және Эдгар Мамедов (2459), сондай-ақ халықаралық шеберлер Арыстанбек Оразаев (2493) мен Даниял Сапенов (2490) қорғайды.
Әйелдер арасында тәжірибелі Полина Шувалова (2483, FIDE) мен 16 жастағы Шуби Гуптаға (2383, Үндістан) Лия Құрманғалиева (2361), Әсіл Серікбай (2219), Аяру Алтынбек (2114) және Аяулым Қалдарова (2029) лайықты бәсекелес болады деп күтілуде.
Ашылу салтанатында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Шығыс Қазақстан облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған 1 628 спорт нысаны жұмыс істейді. Дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде 313 961 адам айналысады, бұл облыс халқының 45%-ын құрайды. Шахматпен 85 бапкердің жетекшілігімен 10 мыңға жуық спортшы шұғылданады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов турнирдің символдық мәнін тілге тиек етті. Кеше ғана бүкіл әлем Халықаралық шахмат күнін атап өтсе, бүгін Өскеменде атақты шетелдік спортшылардың қатысуымен ауқымды турнир жалауын көтеріп отыр.
«Жалпы, Қазақстанда шахмат өте қарқынды дамып келеді. Тұрақты әрі кешенді жұмыстың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев интеллектуалды ұлт қалыптастыру қажеттігін баса айтқан болатын, бұл орайда шахматтың қосар үлесі зор. Шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі Үкімет қаулысында нақты көрсеткіштер бекітіліп, олар жоғары деңгейде орындалуда. Бүгінде еліміз бойынша 1500 мектепте шахмат сабағы жүргізіледі. Алдияр Ансат есімді спортшымыз гроссмейстер нормасын орындаған 22-ші шахматшы атанды. Басқасын айтпағанда, ол Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды», – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов.
Masters турнирінің қатысушысы, гроссмейстер Алдияр Ансат жарыстың маңыздылығы мен қарсыластардың деңгейі жоғары екенін атап өтті.
«Қарсыластар өте мықты, құрам салмақты. Рейтингі 2 700-ден асатын гроссмейстерлер бар. Өзіме артық үміт артпай, тек лайықты әрі жақсы ойын көрсетіп, рейтингті көтергім келеді. Алдағы басты мақсат – осы жылдың қыркүйек айында өтетін шахмат олимпиадасында өнер көрсету, сондай-ақ 2550, кейін 2600 межелерінен өтіп, бұдан да жоғары көрсеткіштерге жету», –дейді Алдияр Ансат.
Open турниріне 122 спортшы тіркелді. Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры 45 млн теңге, Open турнирінің жүлде қоры 5 млн теңге. Екі турнир де классикалық уақыт бақылауымен 90+30 форматында (бірінші жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосыла отырып, партияға 90 минут) швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан өткізіледі.
«Oskemen Open 2026» ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогының екінші кезеңі. Ақшалай жүлделерден бөлек, алғашқы 20 орынды иеленген қатысушылар Кубок есебіне ұпай жинайды. Үшінші, қорытынды кезең 12-20 қазан аралығында Атырауда өтеді. Ал финал желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.
Жалпы кепілдендірілген жүлде қоры – 50 млн теңге (45 млн – Masters, 5 млн – Open). Өскемендегі бұл фестиваль осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ШҚО әкімдігінің, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Үстел теннисі орталығының, Freedom Holding Corp, Grand Games және Grand Mobile, Kazzinc, Qyzyq, «Эмиль» және «Arzu» компанияларының, сондай-ақ ақпараттық серіктестердің: Еуразия бірінші арнасы, DK News, Ult.kz, Sportinform.kz, Sport+, Qazsport, NewTimes, Bes.media, Курсив қолдауымен ұйымдастырылды.