Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан тұрғын сотталды. Тергеу барысында оның азаматтарға заңсыз қарыз берудің 78 эпизодына қатысы бары анықталған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған 774 млн теңгенің активтері мемлекет кірісіне тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ҚМА-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеу кезінде заңсыз қарыз берудің 78 дерегін анықтаған. Қарыз алушылардың басым бөлігі қаржыға мұқтаж әрі банктен несие рәсімдей алмаған азаматтар болған.
Күдікті қарыз берудің екі түрлі тәсілін қолданған.
Бірінші жағдайда қарыз шарты нотариус арқылы рәсімделгенімен, мәміленің нақты талаптары құжатта көрсетілмеген. Шарттағы сомаға қарыз алушыға берілген ақша мен қарызды пайдаланған барлық кезең үшін есептелген пайыз қосылған. Қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың мүлкі кепілге қойылған.
Екінші жағдайда қарыз беру фактісі сатып алу-сату шарты ретінде жасырылған. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүлік қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған.
Осылайша, сырттай азаматтық-құқықтық мәміле болып көрінген келісімдердің артында мүлікті кепілге алып, пайызбен жүйелі түрде қарыз беру қызметі тұрған.
Тергеу нәтижесінде заңсыз қызметтен 774 млн теңге көлемінде қылмыстық табыс алынғаны анықталды. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.
Сот үкімімен мемлекет кірісіне алты пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі және жалпы құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді.
Ростовщиков Е.В. 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.