Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен арылуға қаншалықты жақын?

Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен арылуға қаншалықты жақын?
azh.kz

Қазақстанда 2019 жылдан 2026 жылға дейін жалпы құны 8,7 трлн теңге болатын 1 226 жоба жүзеге асырылып, 106,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл көрсеткіштерді экономиканы әртараптандыру жолындағы алғашқы қадамдар деп бағалайды. Оның пікірінше, өндірісті дамытудағы нақты нәтижені бірнеше жылдық есеппен емес, ұзақ мерзімді перспективада бағалау қажет.

Сарапшы Telegram-дағы жазбасында 2026 жылдың сегіз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17%-ға өскенін, ал баға өзгерісін ескергендегі нақты өсім 8,1% болғанын атап өтті.

Алайда ол мұндай көрсеткіштерге бірден үлкен үміт артуға болмайтынын айтады. Себебі Қазақстан экономикасында мұнай мен мұнайдан түсетін кірістің үлесі әлі де маңызды. Ал шикізатқа тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру — ұзақ уақытты қажет ететін күрделі үдеріс.

Әртараптандыру бір күнде жүзеге аспайды

Андрей Чеботаревтің айтуынша, әлемдік тәжірибе экономиканы қысқа мерзімде түбегейлі өзгерту мүмкін емес екенін көрсетеді. Мәселен, Оңтүстік Корея аграрлық елден жоғары технологиялар орталығына айналу үшін ондаған жыл жұмсады. Малайзия да шикізаттық емес секторды бірнеше ұрпақтың еңбегімен дамытты.

Біріккен Араб Әмірліктерінің экономикасында да мұнайдың маңызы әлі сақталған. Сондықтан сарапшының пікірінше, Қазақстанның экономикалық құрылымын өзгерту нәтижесін бес жылмен немесе бір есептік кезеңмен бағалау дұрыс емес.

«Диверсификация тоқсандық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы нәтижесі он-жиырма жылдан кейін қандай өндіріс орындары сақталып, қайсысы дамығанынан көрінеді», — деген ұстаным білдіреді сарапшы.

Инвестиция қайда бағытталып жатыр?

Андрей Чеботарев инвестиция көлемінің өсуін сақтықпен бағалағанымен, қаражаттың экономиканы әртараптандыруға қажетті салаларға бағытталуын оң үрдіс санайды.

Оның жазуынша, құрылыс материалдары өндірісінде 242 жоба, ал тамақ өнеркәсібінде 265 жоба жүзеге асырылған. Сарапшы мұны осы салаларда сұраныс пен өткізу нарығының бар екенін көрсететін белгілердің бірі ретінде қарастырады.

Оның пікірінше, инвестордың өндіріс ашуға қаражат салуы үшін болашақ өнімді сатып алатын нарық болуы керек. Сондықтан инвестицияны экономикалық дамудың жалғыз себебі емес, қалыптасқан сұраныстың да нәтижесі ретінде қарастырған жөн.

Қазақстанға қандай даму моделі қажет?

Сарапшы Қазақстанның географиялық орналасуы мен демографиялық ерекшеліктері экономиканы әртараптандырудың өзіндік жолын қалыптастыратынын атап өтті.

Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекет болғанымен, халқының саны шамамен 20 миллион адамды құрайды. Сонымен бірге ел Орталық Азия экономикасында маңызды орын алады және Қытай мен Еуропаны байланыстыратын құрлықтағы көлік дәліздерінің бірі саналады.

Осы ерекшеліктерге байланысты Қазақстан басқа елдердің тәжірибесін сол күйінде қайталай алмайды. Бірақ олардың жетістіктері мен қателіктерінен сабақ алуға болады.

Андрей Чеботарев экономиканы дамытудың екі тәсілін салыстырады. Біріншісі — мемлекет белгілі бір саланы таңдап, оған қаржы бөліп, өндіріс орнын салады. Кейін дайын өнімге сұраныс іздеуге тура келуі мүмкін. Екіншісі — нарықтағы сұранысқа сүйену: кәсіпкер тұтынушының қажеттілігін көріп, соған сәйкес өндіріс ашуға инвестиция салады.

Сарапшы екінші тәсілдің тұрақты өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады. Оның пікірінше, Президенттің экономиканы ырықтандыруға бағытталған жарлығы да елдің даму бағытын айқындауда маңызды рөл атқарады.

Нақты нәтиже уақыт өте көрінеді

Андрей Чеботарев Қазақстанның экономиканы әртараптандыру жолында біртіндеп алға жылжып келе жатқанын атап өтті. Оның бағалауынша, өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру — ел үшін қажетті бағыттардың бірі.

Дегенмен жаңа өндірістердің ашылуы ғана жеткіліксіз. Олардың ұзақ мерзім бойы жұмыс істеуі, бәсекеге қабілетті болуы және нарықтағы сұранысқа сай дамуы маңызды.

Сарапшының пайымынша, экономикалық өзгерістердің шынайы нәтижесі бүгінгі есептерден гөрі келешекте айқын көрінеді. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет — инвестиция тартумен қатар, сол қаражат есебінен құрылған кәсіпорындардың тұрақты дамуына жағдай жасау.