Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды. Олардың 42,6 пайызы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8 пайызы кәсіпкерлік қызметін жалғастырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер.
Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған.
Серік Жұманғарин жеке кәсіпкерлікті тіркеуді тоқтату әрдайым бизнестің толық жабылғанын білдірмейтінін атап өтті. Мәселен, кәсіпкерлердің бір бөлігі қызметін жалғастыра отырып, салық режимін өзгерткен.
Кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны өскен
Вице-премьердің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қоса есептегенде, Қазақстандағы кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 миллионға жеткен.
Жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін, қосылған құн салығын төлеуші кәсіпкерлердің саны да 28%-ға артқан.
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимде 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.