Жалған құжатпен 251 млн теңге алған: Субсидия ақшасына үй сатып алған

Жалған құжатпен 251 млн теңге алған: Субсидия ақшасына үй сатып алған
Ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында жалған құжаттар арқылы 251 млн теңге инвестициялық субсидия алғанұ күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Қаржының бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің БҚО бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті өз бақылауындағы «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» ЖШС-лері арқылы мемлекеттен инвестициялық субсидия алу үшін жалған құжаттар ұсынған. Құжаттарда Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалған шығындар көрсетілген.

Алайда шығындарды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыстардың актілері тапсырылған.

Осы құжаттардың негізінде серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге субсидия аударылған. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, оның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.