Солтүстік Қазақстан облысында ауылда тұратын ерлі-зайыпты интернет-алаяқтардың «инвестиция» схемасына алданып, 10 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға 60 жастағы әйелдің Instagram-нан инвестицияға шақырған жарнаманы көруінен басталған. Ол өтінім қалдырғаннан кейін өзін брокерлік компания маманы ретінде таныстырған адам хабарласып, табыс табуды ұсынған.
Әйел бастапқыда 100 доллар аударып, кейін бір ай бойы өзін «аналитик» деп таныстырған адамның нұсқауын орындаған. Ол күйеуін де осы схемаға қосып, ерлі-зайыпты жинаған ақшасын салып, бірнеше банктен несие алған.
Кейін олардың алаяқтарға алданып қалғаны белгілі болған. Келтірілген шығын 10 млн теңгені құрады.
Полиция алаяқтық схемаға дроппер ретінде қатысқан бірнеше адамды анықтады. Жәбірленушілер келтірілген шығынды өндіру туралы сотқа талап арыз берген.
Полиция интернеттегі тым тартымды инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауымен банк операцияларын жасамауға шақырды.