Шығыс Қазақстан облысының Самарское ауылында әйелге пышақпен шабуыл жасалды. Жәбірленуші бұл әрекетке өзінің бұрынғы күйеуін айыптап отыр, деп хабарлайды ult.kz, bairaq_media-ға сілтеме қалдырып.
Әйелдің айтуынша, оқиға жұмыс уақытындағы үзіліс кезінде болған. Ер адам оған пышақпен шабуыл жасап, салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, құлағының бір бөлігінен айырылған.
Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы бұған дейін де бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен. Өміріне қауіп төнгендіктен, ол бірнеше мәрте полицияға жүгініп, әлеуметтік желі арқылы да көмек сұраған. Бейнеүндеулерінде өзі мен кәмелетке толмаған алты баласының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтқан.
Шабуылдан кейін әйел құқық қорғау органдары тарапынан дер кезінде қорғаныс болмағанын мәлімдеп, мұның қайғылы жағдайға әкеле жаздағанын жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, қамауға алынған. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.