ШҚО-да арықтататын ББҚ деген атпен күшті әсер ететін заттар сатылған

ШҚО-да арықтататын ББҚ деген атпен күшті әсер ететін заттар сатылған
ашық дереккөз

Өскеменде Wildberries маркетплейсі арқылы арықтауға арналған таблеткалар мен ББҚ-лар деген желеумен күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар Зайсан ауданында есірткі заттары бар рецептілік препараттарды заңсыз сату фактісі анықталған, деп хабарлайды ult.kz nofake.kz порталына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мәліметінше, Өскеменде маркетплейс арқылы арықтауға арналған таблеткалар ретінде күшті әсер ететін заттарды сату дерегі бойынша тергеу жүргізілуде.

«Өскемен қаласында „Wildberries“ маркетплейсі арқылы арықтауға арналған таблеткалар (БАД-тар) деген атпен күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату фактісі бойынша іс тергеліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Бұл өңірде анықталған жалғыз жағдай емес. Прокуратураның мәліметінше, Зайсан ауданында медициналық ұйым қызметкерлері пациенттерге құрамында есірткі заттары бар рецептілік препараттарды заңсыз сатқан.

Жалпы, 2025-2026 жылдары облыста прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты үш қылмыстық іс қозғалып, 21 әкімшілік хаттама толтырылған.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асқан.